Қызылорда облысы әкімдігінің

2018 жылғы «27» наурыз № 1078

қаулысымен бекітілген

 

«Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесінің

Ережесі

1. Жалпы ережелер

1. «Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Қызылорда облысының газ-жылу-электроэнергетикалық ресурстары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және ауыз сумен қамту салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

2. Басқарманың құрылтайшысы Қызылорда облысының әкімдігі болып табылады. Басқармаға қатысты коммуналдық меншік құқығының субъектісі болып «Қызылорда облысының қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесі табылады.

3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ, осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

4. Басқарма  мемлекеттік мекеме   ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған  уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

9. Заңды тұлғаның орналасқан жерi: Қазақстан Республикасы, Қызылорда облысы, индексі 120003, Қызылорда қаласы, Бейбарыс сұлтан көшесі, құрылыс 1.

10. Мемлекеттік органның толық атауы – «Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесі.

11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

12. Басқарманың қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.

13. Басқармаға  кәсіпкерлік  субъектілерімен  Басқарманың функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Басқарманың миссиясы, негізгі міндеттері,

функциялары, құқықтары мен міндеттері

14. Басқарманың миссиясы: облыс экономикасының энергетикалық секторын дамыту арқылы энергоресурстағы өсіп келе жатқан экономиканың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында энергетикалық қауіпсіздікке ықпал жасау, энергоүнемдеу және энерготиімділікті арттыру, қоғам өмірін жақсарту бағытында коммуналдық шаруашылық және электр қуатымен қамтамасыз ету саласында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру болып табылады.

15. Міндеттері:

1) Қызылорда облысының газ-жылу-электроэнергетикалық ресурстар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және ауыз сумен қамту саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру;

2) тұру жағдайы мен ұсынылатын тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің сапасын қамтамасыз ету үшін тұрғын үй-коммуналдық қызметтер саласындағы қатынастарды жетілдіру.

16. Функциялары:

1) тұрғын үй қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

2) тұрғын үй қорын басқару саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;

3) кондоминиум объектісін басқару органдарының тұрғын үй қорын сақтау және тиісті дәрежеде пайдалану жөніндегі қызметін бақылау бойынша тұрғын үй инспекциясының жұмысын ұйымдастырады;

4) бюджет қаражаты есебінен кондоминиумдар құрамына енгізілмеген ортақ пайдаланылатын жерлерді күтіп-ұстау жөнінде шаралар қабылдайды;

5)  коммуналдық    тұрғын   үй   қорынан   тұрғын   үйлерді   «Тұрғын   үй

қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі № 94 Заңында көзделген шарттармен және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасы азаматтарының меншігіне беруді жүзеге асырады;

6) тұрғын үй қорын сақтау және тиісті дәрежеде пайдалану жөнінде іс-шаралар ұйымдастыруды қамтамасыз етеді;

7) «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі № 94 Заңының 32-бабының 2-2-тармағында көзделген жағдайда кондоминиум  объектісіне арналған техникалық паспорттарды дайындау бойынша шығыстарды бюджет қаражаты есебінен өтеуді қамтамасыз етеді;

8) бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй көмегін көрсетеді;

9) коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы объектілерде (тұрғын үй қоры, ойын-сауық, сауда және қонақ үй кешендері) құрастырылған қауіпті техникалық құрылғыларды (лифттер, эскалаторлар, фуникулерлер) пайдаланатын ұйымдармен кондоминиум объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;

10) коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсыну қағидаларын бекітеді;

11) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру бойынша іс-шараларды тиiстi аумақтың даму бағдарламасына енгiзудi қамтамасыз етедi, энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласында келісім жасасады, сондай-ақ, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында ақпараттық қызметті жүзеге асырады;

12) энергия үнемдеу және энергия тиiмдiлiгiн арттыру саласында мемлекеттiк саясатты жүргізуді қамтамасыз етеді;

13) коммуналдық меншікті басқарады, оны қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асырады;

14) объектілер мен кешендердің ведомстволық бағынысты аумағында салынуы (реконструкциялануы, кеңейтілуі, жаңғыртылуы, күрделі жөнделуі) белгіленген объектілерге мониторингті жүзеге асырады;

15) коммуналдық меншiктегi су құбырларын, тазарту құрылғыларын, жылу және электр желiлерiн және инженерлiк инфрақұрылымдар объектiлерiн салу мен пайдалануды ұйымдастырады;

16) елді мекендер үшін жерасты суларына іздестіру-барлау жұмыстарын ұйымдастырады және жүргізеді;

17) жылу маусымына дайындық пен оны өткізу қағидаларын әзірлейді және мәслихатқа бекітуге ұсынады;

18) есептеу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін газбен жабдықтау, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау жөніндегі коммуналдық көрсетілетін қызметтерді тұтыну нормаларын бекітеді;

19) тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдығын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына бақылауды жүзеге асырады;

20) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын iске асыруға қатысады;

21) уәкiлеттi органға облыстың аумағында сұйытылған мұнай газын тұтыну болжамын ұсынады;

22) уәкілетті органға облыстың аумағында сұйытылған мұнай газын өткізу және тұтыну жөніндегі мәліметтерді ұсынады;

23) тұрмыстық баллондарды және газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылауды жүзеге асырады;

24) тауарлық және сұйытылған мұнай газын тұтыну нормаларын бекітеді;

25) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілеріндегі 0,07 мегаПаскальдан астам қысыммен немесе 115 Цельсий градустан асатын судың қайнау температурасы кезінде жұмыс істейтін қауіпті техникалық құрылғылардың, жүк көтергіш механизмдердің, эскалаторлардың, аспалы жолдардың, фуникулерлердің, лифтілердің қауіпсіз пайдаланылуына бақылауды жүзеге асырады;

26) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің қауіпті техникалық құрылғыларын есепке қоюды және есептен алуды жүзеге асырады;

27) сумен жабдықтау және суды бұру саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырады;

28) су объектілерін ұтымды пайдалану және қорғау, елді мекендерді сумен жабдықтау, су бұру жөніндегі, оның ішінде жерді гидромелиорациялау, су шаруашылығы жүйелері мен құрылыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етеді;

29) тиісті аумақта орналасқан су объектілерінің, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жай-күйі туралы халықты хабардар етуді жүзеге асырады;

30) уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын сумен жабдықтаудың ерекше маңызды топтық және оқшау жүйелерінен ауыз су беру бойынша көрсетілетін қызметтер құнын субсидиялау жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады;

31) қазандықтардың, жылу желілерінің және тұтынушылардың жылу пайдалану қондырғыларының пайдаланылуы мен техникалық жай-күйін бақылауды жүзеге асырады;

32) қазандықтар, жылу желілері бойынша жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын дайындау мен жүзеге асыруға және олардың күзгі-қысқы кезеңде жұмыс істеуін бақылауды жүзеге асырады;

33) қазандықтар мен жылу желілерінің (магистральдық, орамішілік) жұмысындағы технологиялық бұзушылықтарға тергеп-тексерулер жүргізеді;

34) қазандықтар мен жылу желілерін (магистральдық, орамішілік) жоспарлы жөндеуді келіседі;

35) облыстың аумағында жылу беру кезеңіне мұнай өнімдерін тұтыну болжамын жасайды;

36) жылу беру кезеңінде жылумен қамтамасыз ететін ұйымдардың мұнай өнімдерін тұтыну жөніндегі болжамды облыстың уәкілетті органына жылсайын ұсынады;

37) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары мен регламенттеріне сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетеді;

38) құқық бұзушылық жасауға итермелейтін себептер мен жағдайларды жою жөнінде  шаралар қолданады;

39) өз құзыреті шегінде жұмылдыру дайындығы және жұмылдыру саласындағы шараларды іске асырады;

40) ведомстволық бағынысты аумаққа орналастырылатын, орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне берілетін жылу энергиясын өндіруге арналған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін салу жобаларын келіседі;

41) жеке-дара тұтынушылырға атаулы көмек көрсетеді;

42) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде өзіне Қазақстан Республикасының заңнамасымен  жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

17. Құқықтары мен міндеттері:

1) Басқарма өзiне жүктелген мiндеттердi және өзiнiң функцияларын жүзеге асыру үшін заңнамада бекiтiлген тәртiппен:

мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажеттi ақпараттар мен материалдарды сұрауға және алуға;

жеке және заңды тұлғалардың Басқармаға жолдаған өтініштерін қарауға, олардың орындалуын бақылауға, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен оларға жауаптар беруге;

жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін қабылдауды ұйымдастыруға;

өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша кеңестер, семинарлар, конференциялар өткізуге;

қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы;

2) Басқарма: заңды және негiзделген шешiмдер қабылдауға; қабылданған шешiмдердiң орындалуын бақылауды қамтамасыз етуге;қолданыстағы заңнамада қарастырылған өзге де міндеттерді іске асыруға міндетті.

3. Басқарманың қызметін ұйымдастыру

18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

19. Басқарманың басшысын  облыс әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

20. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

21. Басқарма басшысының өкілеттігі:

1) өз өкілеттігін жүзеге асыру кезінде облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімінің орынбасарына есеп береді;

2) өз құзіреті шегінде мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманы білдіреді;

3) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлерін заңнамаға сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

4) стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың әзірленуін қамтамасыз етеді;

5) еңбек қатынастары мәселелері өз құзыретіне жататын Басқарма қызметкерлерiне заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолданады және көтермелеу шараларын қабылдайды;

6) бұйрықтарға қол қояды;

7) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

8) шарттар жасасады;

9) сенімхаттар береді;

10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты ұйымдастыруға дербес жауапты болады;

11) Басқарманың жұмысын ұйымдастырады, үйлестіреді және бақылайды;

12) облыс әкімдігі мен әкімінің актiлерi мен тапсырмаларын орындайды;

13) Басқарманың құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi бекiтедi;

14) құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық актiлердiң жобаларын әзiрлеудi ұйымдастырады;

15) қызметтік этика нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді;

16) гендерлік теңдік саясатын жүзеге асырады;

17) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдау кестесін бекітеді;

18) Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

22. Басқарма басшысы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

23. Басқарманың жұмыс режимі:

1) Басқарма дүйсенбі мен жұма аралығында  аптасына 5 (бес) күн жұмыс істейді;

2) Басқарманың жұмыс уақыты жергілікті уақыт бойынша сағат  09.00-ден сағат 19.00-ге дейін. Сағат 13.00-ден сағат 15.00-ге дейін үзіліс;

3) Басқарма сенбі және жексенбі күндері, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген мереке күндері жұмыс істемейді.

24. Басқарма мен облыс әкімдігі арасындағы, Басқарманың әкімшілігі мен оның еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынастар қолданыстағы Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттеледі.

4. Басқарманың мүлкі

25. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ, өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

26. Басқармаға бекітілген мүлік облыстық коммуналдық мүлікке жатады.

27. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

28. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Басқармаға қарасты ұйымдардың тізбесі:

1) Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының шаруашылық жүргізу құқығындағы «Қызылордажылуэлектрорталығы»  мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны;

2) Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының «Ғарыш-инфрақұрылым» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

3) «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамы.

Құрылған күні: 30-03-2015 18:43
Жаңартылған күні: 18-04-2018 09:46

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика