Басқарма: 
Қызылорда облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы

Сұрақтар

Беттер

Үргенішбеков Айтмағанбет Категория Жалпы мәселелер Дата: 04.07.19

Вопрос:

Қызылорда қаласы Сырдария мөлтекауданы 20 үйдің шығыс және батыс бетінде, үйіміздің дәл жанында бетондалған жабық түрдегі тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған арнайы 2 орын болатын. Осы 2019 жылдың маусым айында осы мөлтекаудандағы барлық жабық түрдегі тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған арнайы орындар бұзылып, жерін тегістеп қойды. Сонан соң 20 үйдің шығыс жағына беті ашық 6 металл контейнер, 20 үйдің батыс жағына беті ашық 8 металл контейнерлер әкелініп қойылды. Үйіміздің екі жағында орналасқан 14 контейнерге (жалпы сыйымдылығы 11м3) қазіргі уақытта Сырдария мөлтекауданындағы 4, 5, 6, 7, 7а, 7б, 8а, 12, 13, 14, 20, 21 үйлердің тұрмыстық қалдықтары әкелініп салынып жатыр. Бұл үйлерде шамамен 600 ге жуық пәтер бар екенін ескерсек жоғарыдағы көрсетілген 14 контейнердің сыйымдылығы жеткіліксіз екені белгілі. Соның салдарынан ашық тұрған металл контейнерлердегі тұрмыстық қалдықтар толып, жерге шашылып, желмен қалдықтар ұшып жатыр. Қазіргі уақыттың жаз екенін ескерсек тұрмыстық қалдықтардың жаман иістер қолқаны алып барады және күннің ыстығына қарамай терезе ашу мүмкін емес. Жоғарыда келтірілген 12 үйдің барлық тұрмыстық қалдықтары батысы мен шығысына жинақталатындай Сырдария мөлтекауданы 20 үйдің тұрғындарының қандай жазығы бар екені түсініксіз. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес тұрмыстық қалдықтарды жинақтайтын контейнерлер тұрғын үйлерге 20 метрден жақын болмауы және подъездерден 100 м қашық орналаспауы керек екенін ескерсек, контейнерлердің бұлай топтап орналасуы заңға қайшы екені айқын. Біз 20 үйдің тұрғындары келетін жабық нысандағы тұрмыстық қалдық жинайтын арнайы орын дайындалуын, сондай-ақ 4, 5, 6, 7, 7а, 7б, 8а, 12, 13, 14 үйлердің өздерінің аулаларына тұрмыстық қалдықтарын салатын, санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келетін жабық нысандағы тұрмыстық қалдық жинайтын арнайы орын дайындалып, іске қосылуын cұраймыз. «Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы» Қазақстан Республикасының Заңының талаптарына сәйкес өтінішімді жауапсыз қалдырмайтындығыңызға және осы мәселені өз бақылауыңызға алатыныңызға сенемін.

Ответ:

Қазақстан Республикасы  денсаулық сақтау министрінің «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы 2018 жылғы 23 сәуірдегі №187 бұйрығының 56 тармағына сәйкес, елді мекендерде контейнер алаңдарын уақытша қоныстарды (вахталық кенттер, стационарлық емес объектілер мен құрылыстар) қоспағанда, тұрғын және қоғамдық ғимараттардан, балалар объектілерінен, спорт алаңдары мен халық демалатын орындардан кемінде 25 м қашықтықта орналастырылуы тиіс.
Зерттеу жұмыстарының нәтижесіне сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлердің аулаларындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға арналған контейнерлердің  қоқыс тасығыш көліктердің кедергісіз кіріп шығуына ыңғайластырылып орналастырылғанын хабарлаймыз.
Сонымен қатар, қазіргі таңда жабық нысандағы тұрмыстық қалдық жинайтын арнайы орындардың салынып жатырғанын назарыңызға жеткіземін.
Берілген жауапқа қанағаттанбаған жағдайда, «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы №221 Заңының 12-бабына сәйкес, жоғары тұрған лауазымды тұлғаға немесе сотқа шағым жасауыңызға болады.
 

Асан Эльмира Категория Жалпы мәселелер Дата: 08.10.18

Вопрос:

Құрметті М. Усаин мырза! Мен Наурыз саяжайының тұрғынымын. Қалаға жақын ауыл болған соң 2 жыл бұрын көшіп келгенмін. Білгім келетіні қалаға жақын ауыл болғанымен әлі күнге дейін не себепті газ келми тұрғанын.

Ответ:

Қазақстан Республикасын газдандырудың Бас схемасын іске асыру мақсатында Қызылорда облысының әкімдігі мен “ҚазТрансГаз Аймақ” АҚ-ның арасында жасалған мемморандум аясында 2015 жылы 1-кезекте облыстың 7 аудан орталығының 130 мыңнан аса халықты қамтитын 4 аудан орталығы (Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі, Жаңақорған кенттері) газдандырылды. 2-кезекте 43 мыңнан аса халықты қамтитын 3 аудан орталығын (Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек кенттері) газдандыру жоспарланған. 3-ші кезекте ауылдық елді-мекендерді газдандыру кезең-кезеңімен жоспарлануда. Оның ішінде халқы саны мен елді мекеннің болашақтағы дамуына байланысты  газдандырылады.
Атап айтсақ, 2014-2015 жылдары «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылдық округін газдандыру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Нысандар 2015 жылдың аяғында пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, «Қызылорда қаласындағы Талсуат ауылдық округін және үш әлеуметтік нысандарын газдандыру» үшін 2016 жылға облыстық бюджеттен қаржы қаралып, бұл нысандардың құрылысы ағымдағы жылдың желтоқсан айында толық аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, 2017 жылы  облыстық бюджеттен Белкөл кентін газдандыру үшін қаржы қарастырылып, нысан 2017 жылдың желтоқсан айында іске қосылды.
Қазіргі таңда, 2018 жылы «Қызылорда қаласындағы Шыны зауытынан АГТС-1БГРП-1 және БГРП-2-ГРП-Наурыз, Махамбет дейінгі жоғары қысымды 1,2 МПа газ құбырының құрылысы және Махамбет және Наурыз елді-мекендерін кварталішілік газдандыру» жобасына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Алдағы уақытта, аталған жобаның құрылыс-монтаж жұмыстарына қаржы қаралған жағдайда, жұмыстар жүргізілетін болады.
Берілген жауапқа қанағаттанбасаңыз, «Жеке және Заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы № 221 Заңының 12-бабына сәйкес, жоғары тұрған лауазымды тұлғаға немесе сотқа шағым жасауға құқығыңыз бар.
 

Мүшелбаев Еркебұлан Категория Жалпы мәселелер Дата: 04.09.18

Вопрос:

Жұмысыңызға табыстар тілейміз. Қызылорда қаласының тұрғынымын, сұрағым келесідей, Елбасы биыл «Ақылды қалалар, ақылды ұлт үшін» деп жолдау үндеген еді, осы орайда қаламыздың электрлендіру жүйесінде қандай өзгерістер күтілуде?

Ответ:

Рахмет сұрағыңызға. Өте орынды сауал. 
Биыл өңіріміздегі бірегей жоба, Ақылды электр желілерін енгізу бойынша 2018-2019 жылдары Қызылорда қаласында және қала аумағында орналасқан 300-ден аса көпқабатты үйлердің 600 дана 10/0,4 кВ қосалқы стансаларының шкафтарында орналасқан электр энергиясын есептегіш құралдарын Электрэнергиясын Бақылаудың Автоматтық Жүйесіне енгізу бастау алуда.
Жоба, «ҚЭТТК» АҚ мен Еуропалық қайта жаңғырту және даму банкісі арасында жасалған келісім-шартқа сәйкес және 2016-2020 жылдарға бекітілген инвестициялық бағдарлама аясында жүзеге асырылатын болады. 
Жоба жүзеге асырылғаннан кейін, көбқабатты және жеке тұрғын-үй секторларындағы электрэнергиясының ұрлығын төмендетуге, және желі параметрлерін бақылау арқылы, 10/0,4 кВ қосалқы стансаларындағы ақауды жедел анықтауға және қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Бұл өз кезегінде облысымыздың электрмен қамту жүйелерінің сенімділігін арттырып, электр желілеріндегі апаттық өшірулер санын төмендетуге және қала тұрғындарын тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
 

Қаппаров Нұрсұлтан Категория Жалпы мәселелер Дата: 09.11.17

Вопрос:

Көпқабатты үйлердегі жылу жүйесі (жылу, бар жоқтығы) қадағаланама ? қадағаласа қандай мекеме қадағалайды? Шұғыла 32/52 пәтерімде жылу дұрыс емес. Соған байланысты жылу жүйесін шешіп беруіңізді сұраймын

Ответ:

Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, Сіздің 2017 жылғы 2 қарашадағы электронды хатыңыз бойынша төмендегіні хабарлайды.
«Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК мамандары тарапынан, ағымдағы жылдың 06 қарашасында Шұғыла м/а №32 көпқабатты тұрғын үйінің жылу жүйесін тексеру нәтижесі бойынша жылу энергиясының берілуі - 540C, қайтуы - 390C құрап отыр (орташа сыртқы ауа температурасы - 70C). Аталған көрсеткіш бекітілген температуралық кестеге сәйкес берілуде.
Сонымен қатар, пәтер ішіндегі немесе өжіре ішіндегі жылу желілеріне ҚР энергетика министрлігінің 2014 жыл 18 желтоқсанында 211 бұйрығымен бекітілген «Жылу энергиясын пайдалану» қағидаларының 62 тармағына сәйкес, ПМИК немесе кондоминиум объектісін басқару органы жауап береді. Көп пәтерлі тұрғын үйлердегі тұтынушы мен энергия беруші (энергия өндіруші) ұйымның арасындағы пайдалану жауапкершілігінің шекарасы жылу энергиясы көзі тарапынан басқару торабының кіру ысырмаларының бірінші бөлу ернемегі немесе дәнекерлі тігіс бойынша анықталады. 
Осыған орай, жоғары аталған негізінде Сіздің пәтеріңізге жылу энергиясының тұрақты берілуін  ПМИК (пәтер иелері коперативі) немесе кондоминиум объектісін басқару органы қадағалайды. 
 

Исабаев Ерболат Категория Жалпы мәселелер Дата: 04.05.17

Вопрос:

Саламатсыз ба. Менің сізге қояр сұрағым: -1) Қызылорда қаласында және де басқа да жерлерде мемлекеттік бағдарламалармен соғылып немесе беріліп жатқан тұрғын үйлерге кезекке тұру үшін қалай тіркеледі? Тіркелу жолдарын айтсаңыз? (Онлайн және қағаз түрінде тіркелуге болады ма? ) -2) Менің тұрып жатқан үйім мемлекеттік мекеме балансында. Үйдің ешқандай құжаттары жоқ (гос акт, тех паспорт). Үйіме газ кіргізейін десем осы құжаттарды сұратып жатыр. Үйіме газ кіргізе алам ба құжатсыз? Немесе газ кіргізу құжатсыз жолдарын айтсаңыз?

Ответ:

1. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу үшін Қазақстан Республикасының Тұрғын үй қатынастары туралы 1997 жылғы 16 сәуiрдегi №94 Заңының 4 бөлім, 9-тарау 67 бабына сәйкес азаматтар мына санаттар бойынша есепке алынады.

1) Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
2) жетiм балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
3) халықтың әлеуметтiк жағынан әлсіз топтарына жататын Қазақстан Республикасы азаматтары (Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары, Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтетiн аурулар тiзiмiнде аталған кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын адамдар, жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер, кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар жатад, оралмандар, экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар, көп балалы отбасылар, мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары, толық емес отбасылар жатады).;
4) мемлекеттiк қызметшiлерге, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерiне, әскери қызметшiлерге, ғарышкерлікке кандидаттарға, ғарышкерлерге, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерлеріне және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар;
5) жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда деп танылған Қазақстан Республикасының азаматтары.
Жоғарыда аталған мемлекеттік көрсетілетін қызмет «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) мен «электрондық үкіметтің» www.egov.kz веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметтің көрсетілу тәртібі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 9 сәуірдегі № 319 бұйрығының 2-қосымшасы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандартына сәйкес жүгізіледі. 
1) Мемлекеттік корпорацияға тапсырылатын құжаттар тізбесі:
- тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу туралы өтініш;
- жеке басын куәландыратын құжат (жеке басын сәйкестендіру үшін түпнұсқасы талап етіледі);
- республикалық маңызы бар қалаларда, астанада кемінде үш жыл тұрғанын растайтын құжаттарды ұсынады (тек Қазақстан Республикасының республикалық маңызы бар қалаларда, астанада тұратын азаматтары үшін);
- некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерінің қайтыс болуы, балалардың тууы туралы куәліктерді;
- жалғыз тұрғын үйі авариялық жағдайда деп танылған азаматтар жергілікті атқарушы органның тиісті анықтамасын ұсынады;
• халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын көрсетілетін қызметті алушылар (жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды және мүгедек балаларды қоспағанда) өтініш жасаған кезде:
- өтініш жасаудың алдында соңғы он екі ай ішінде отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы туралы мәліметтерді қосымша ұсынады;
• мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар санаттарына жататын көрсетілетін қызметті алушылар өтініш жасаған кезде:
- жұмыс орнынан (қызметтен) анықтаманы қосымша ұсынады;
• ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер:
- Қазақстан Республикасының Үкіметі берген, олардың мәртебесін растайтын құжаттарды ұсынады;
• отбасы тұратын тұрғын үй белгіленген санитариялық және техникалық талаптарға сай келмеген немесе жапсарлас, оқшауланбаған тұрғын үй-жайларда екi және одан да көп отбасы тұрып жатқан немесе отбасы құрамында кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын науқастар болып, бiр үй-жайда (пәтерде) олармен бiрге тұру мүмкiн болмаған жағдайда көрсетілетін қызметті алушы:
- тиісті уәкілетті органның анықтамасын қосымша ұсынады.
2) Порталға жүктелетін құжаттар тізбесі:
- көрсетілетін қызметті алушының ЭЦҚ-сымен куәландырылған электрондық құжат нысанындағы сұрату;
- республикалық маңызы бар қалаларда, астанада есепке қою үшін кемінде үш жыл тұрақты тұруы талап етіледі электрондық құжаттарды ұсынады (тек Қазақстан Республикасының республикалық маңызы бар қалаларда, астанада тұратын азаматтары үшін);
- некеге тұру (бұзу), отбасы мүшелерінің қайтыс болуы, балалардың тууы туралы куәліктің көшірмесі;
• жалғыз тұрғын үйі авариялық жағдайда деп танылса, тиісті жергілікті атқарушы органның анықтамасының электрондық көшермесі ұсынылады; халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын көрсетілетін қызметті алушылар (жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды және мүгедек балаларды қоспағанда) өтініш жасаған кезде:
- өтініш жасаудың алдында соңғы он екі ай ішінде отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табысы туралы анықтаманың электрондық көшермесі қосымша ұсынылады;
• мемлекеттiк қызметшiлер, бюджеттiк ұйымдардың қызметкерлерi, әскери қызметшiлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері және мемлекеттiк сайланбалы қызмет атқаратын адамдар санаттарына жататын көрсетілетін қызметті алушылар өтініш жасаған кезде:
- жұмыс орнынан (қызметтен) анықтаманың электрондық көшермесі қосымша ұсынылады;
• ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер:
- Қазақстан Республикасының Үкіметі берген, олардың мәртебесін растайтын құжаттарды ұсынады;
• отбасы тұратын тұрғын үй белгіленген санитариялық және техникалық талаптарға сай келмеген немесе жапсарлас, оқшауланбаған тұрғын үй-жайларда екi және одан да көп отбасы тұрып жатқан немесе отбасы құрамында кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрлерiмен ауыратын науқастар болып, бiр үй-жайда (пәтерде) олармен бiрге тұру мүмкiн болмаған жағдайда көрсетілетін қызметті алушы:
- тиісті уәкілетті органдар анықтамасының электрондық көшермесін қосымша ұсынады.
Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі:
Мемлекеттік корпорацияға құжаттар топтамасын тапсырған күннен бастап, сондай-ақ, порталға өтініш берген кезде – күнтізбелік 30 (отыз) күн.
Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны: электрондық (ішінара автоматтандырылған) және (немесе) қағаз түрінде жүргізіледі.
Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі – кезектің реттік нөмірін көрсете отырып, есепке қою туралы хабарлама жауап.
Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін беру нысаны: электрондық түрде.
 
2. Арызда көрсетілген мекен-жай  бойынша тұрғын үй Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының орман шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде болғандықтан, газ желісіне қосылу және жер учаскесінің ішінен газ құбырын үйіне дейін жүргізу меншік иесінің төлем ақысымен жұмыстар жүргізілетіндігін хабарлайды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңының 12 бабының 5 тармағына сәйкес, «Газбен жабдықтау жүйелері объектілерін магистральдық газ құбырына, газ тарату жүйесіне немесе топтық резервуарлық қондырғыға қосуға байланысты шығыстар газбен жабдықтау жүйелерінің қосылатын объектілерінің иелері есебінен жүргізіледі» - делінген. 
Берілген жауапқа қанағаттанбасаңыз, «Жеке және Заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының  2007 жылғы                   
12 қаңтардағы №221 Заңының 12-бабына сәйкес, жоғары тұрған  лауазымды тұлғаға немесе сотқа шағым жасауға құқығыңыз бар.
 
 

Уақбаев Нұрбол Категория Жалпы мәселелер Дата: 20.02.17

Вопрос:

Cәлеметсіз бе? СПМК-70 районында 2016 жылдың басына бері берілген тұрғын үйлер газбен қашан қамтамасыз етіледі?

Ответ:

Арызда көрсетілген мекен–жай бойынша Қызылорда қаласы, СПМК-70 шағын ауданындағы №2 үйге басқарма тарапынан және «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ҚӨФ-ның мамандарымен зерттеу жұмыстары жасалды. Зерттеу жұмыстары нәтижесінде, көпқабатты тұрғын үйлердің газ жүйесіне қосылу тәртібі жөнінде ағымдағы жылдың 13 ақпанда түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Осыған байланысты, Қызылорда қаласының тұрғын үй инфрақұрылым дамыту жобасы аясында салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлерінің газ жүйесіне қосылу қызметі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ҚӨФ (әрі қарай - Филиал) тарапынан ақылы қызмет көрсетілетіндігін хабарлай отырып, яғни газ жүйесіне қосылу ауқымды қызмет түрлерінің барлығы, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетімен келісілген калькуляция және бұйрықпен бекітілген.    
Қазіргі таңда, көпқабатты тұрғын үйлердің газ жүйесіне қосылу қызмет ақысы әртүрлі болуының себептері:
- пәтер санына байланысты;
- аталған тұрғын үйлерге газ жүйесіне қосылу қызмет ақысын мердігер мекемелерінің толықтай немесе жартылай төлеуі. 
Жоғарыда атап өткендей, егер жаңа салынған көпқабатты тұрғын үйлердің газдандыру құрылыс-монтаж жұмыстарын жасаған мердігер мекеме Филиал тарапынан жүргізілетін газ жүйесіне қосу қызметіне жартылай (частично) төленген жағдайда әрбір пәтер иесі төлейтін қызмет ақысы өзгеруі мүмкін.   
Сонымен қатар, СПМК-70 шағын ауданында орналасқан № 11, 3, 7 көп қабатты тұрғын үйлердің газға қосылу өтініштері бойынша «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ҚӨФ-ның мамандары жұмыстарын жүргізуде. Алайда, қалған көп қабатты тұрғын үйлерге тұрғындар толық қоныстамағандықтан газ жүйесіне қосылуға мүмкіндік жоқ. Яғни, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 5 тамыздағы "Газбен жабдықтау жүйелері обьектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды бекіту туралы" № 906 Қаулысының 456-шы тармағында «Жаңадан салынған тұрғын үйлердегі газ құбырына және газ жабдығына газ жіберу, үйдегі пәтерлердің жалпы санының кемінде 80 %-на тұрғындар орналасқанда жағдайда жүргізіледі».
Осыған орай, Қызылорда қаласы, СПМК-70 шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үйді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін тұрғындар толығымен қоныстанғаннан кейін ПИК (пәтер иелері кооперативі) төрайымы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалына табиғи газға қосылуға өтініш беру арқылы жүргізілетіндігін хабарлайды.
Берілген жауапқа қанағаттанбаған жағдайда, «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы №221 Заңының 12-бабына сәйкес, жоғары тұрған  лауазымды тұлғаға немесе сотқа шағым жасауға құқығыңыз бар.
 

Жұмабаева Қалдыгүл Категория Жалпы мәселелер Дата: 28.11.16

Вопрос:

Сәлеметсіз бе! Мен Шиелі ауданы, Ботабаев 5 үйдің тұрғынымын. Казтрансгазаймақ мекемесіне 25 қыркүйек күні үйге газ кіргізу үшін төлемін төлеп қойдық. Алайда аталған мекеменің жіберген жұмысшылары сапасыз қызмет жасағандықтан счетчикті бірнеше рет сваркіледі. Ең соңынан қосуға келген адам трубада тесік барын тауып үйдің қабырғасынан от шығып өртене жаздады.Енді келген бригадир трубаны ауыстырмаймын тек тесікті бітеп беремін деп кетті. Ол қаншалық қауіпсіз болады.Казтрансгаз мекемесінің сайтында сапалы қызмет саясаты туралы жазыпты ешқандай сапалы қызметті көріп тұрғаным жоқ. Ешқандай жауапкершілік жоқ.Осы мәселені қалай реттеуге болады.Газды күткенімізге бір жарым ай болды.

Ответ:

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ҚӨФ – ы тарапынан зерттеу жұмыстары жүргізіліп, үйішілік газ құбырына монтаж жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме тарапынан анықталған кемшіліктер қайта қалпына келтіріліп, газ жүйесіне қосылғанын хабарлаймыз.
Берілген жауапқа қанағаттанбаған жағдайда, «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы №221 Заңының 12-бабына сәйкес, жоғары тұрған лауазымды тұлғаға немесе сотқа шағым жасауыңызға болады.
 

Сүйіндік Бауыржан Категория Құрылыс Дата: 28.06.16

Вопрос:

Саламатсыздар ма! Мен Шұғыла мөлтек ауданы №30 үй тұрғыны Бауыржан. Қояр сауалым - биылға модернизация бағдарламасына қанша үй жөнделеді екен?

Ответ:

«Өңірлерді дамыту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2016 жылға Қызылорда облысы бойынша 77 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жалпы құны 1357,7 млн. теңгеге Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік өтінім тапсырылды.
Алайда, қаржылық дағдарысқа байланысты 2016 жылға республикалық бюджеттен қаржы бөлінбеді. 
Дегенмен, Бағдарлама шеңберінде қайтарымды қаражат есебінен 48,16 млн.теңгеге Қызылорда қаласында 3 үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарлынып отыр.
Сонымен қатар, облыс әкімінің 03.06.2016 жылғы 10-5/3743 хаттамалық тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласы мен аудандарда 1-2 үйдің жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен қаржы қарастыру тапсырылды.
 

Өтегенова Жансұлу Категория Жалпы мәселелер Дата: 21.04.16

Вопрос:

Сәлеметсізбе Ержан Қыпшақбайұлы! Мен Өтегенова Жансұлу Дастанқызы Талсуат ауылдық округі, Сатбаев көшесі 8/2 үй тұрғынымын. 2015 жылдың желтоқсан айында Қызылорда қаласындағы Тасбөгет кенті және Қызылжарма ауылдық округтерінің тұрғындары табиғи газбен толық қол жеткізгендігінің куәсі болдым. Облысымызда болып жатқан осы оң өзгерістердің нәтижесіне Сіздің үлесіңіздің бар екендігін естіп қуанып жатырмын. Осы орайда, Сізге Талсуат ауылына қашан газ келеді? Көгілдір отынның игілігін қашан көреміз деген сауал қойғым келеді. Қалаға жақын орналассақ та, отынды қолдан жағып, газ баллонын сырттан алдыртудамыз. Яғни биыл көгілдір отын келе ме?

Ответ:

Қазіргі таңда, Қызылорда облысының аудан орталықтары мен қала маңындағы елді мекендерді газдандыру «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының бойында қарастырылған бұрыптар (отвод) арқылы жүзеге асырылуда. 
Осы орайда, Қызылорда облысының  елді мекендерін кезең-кезеңімен газдандыру жоспарлануда.
Атап айтсақ: 2015 жылы Арал қаласы, Әйтеке би, Жаңақорған және Шиелі кенттерінің тұрғындары көгілдір отынмен қамтамасыз етілді.
Ал ағымдағы жылы облыстық бюджеттен Қызылорда қаласындағы Талсуат ауылдық округін және үш әлеуметтік нысандарын газдандыру үшін 271,2 млн теңге қаржы қарастырылды.
Сізде Тасбөгет кенті мен Қызылжарма ауылының тұрғындарының тұтынып отырған  көгілдір отынның игілігін 2016 жылдың аяғында көретін боласыз.
 

Қанағатқызы Гаухар Категория Жалпы мәселелер Дата: 03.02.16

Вопрос:

Сәлеметсізбе Ержан Қыпшақбайұлы! Мен Тасбөгет кентінің тұрғынымын, Қызылорда облысындағы елді мекендердегі электр қондырғыларының тозығы жеткендігі белгілі, қазіргі таңда, электр нысандарын жаңғырту саласында қандай жұмыстар атқарылуда, осы мәселе шешімін тауып жатырма?

Ответ:

Дұрыс айтасыз Гаухар ханым, бұның басты себебі – электр нысандарының, яғни, электр желілері мен трансформаторлық қондырғылардың 70 пайызы тозығы жеткен.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауындағы еліміздің «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатының энергетика инфрақұрылымын дамыту бағыты бойынша облыстың энергетика нысандарын жаңғыртуға респуликалық және облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, қазіргі таңда Арал қаласы мен Қазалы кентіндегі 110/35/10 кВ ірі қосалқы станциялары қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. 
Қызылорда қаласының электр энергетика нысандарын қайта жаңғыртуға облыс әкімдігі Еуропа Қайта құру және даму банкімен жұмыс жүргізіп, кредиттік келісімшартқа қол қойылып тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Қорыта айтқанда, облыстың энергетика саласын қайта жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар жасалуда.

Беттер

©  ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМДІГІ

Барлық құқықтар қорғалған және сақталған.

Сайттан мәлімет қолданған жағдайда түпнұсқаға сілтеме болуы міндетті

Яндекс.Метрика